Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

МЕН ӨМІР СҮРЕТІН ӘЛЕМ

МЕН ӨМІР СҮРЕТІН ӘЛЕМ

Қыркүйектің 18 жұлдызында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мен өмір сүретін әлем» атты күзгі концерттік балл өтті. Мерекелік іс-шараны ашқан партияның Тайынша аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.М.Бекшенов шараға қатысушыларға жылы лебізін арнады.

Балалардың қолдарынан шыққан туындылар

Мерекелік шараға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі балалардың қолдарынан шыққан түрлі сәнді қолөнер бұйымдары мен суреттер көрмесін тамашалады. Көрмеге ұсынылған әрбір туындының астарында үлкен мән-мағына, терең ой жатқан секілді. Мерекелік іс-шара барысында ұйымдастырушылар «Ерте-ерте-ертеде, ешкі жүні бөртеде...» тақырыбында концерттік қойылым көрсетіп, «Алтын күз» ханшайымы ертегінің бас кейіпкеріне айналды. Сондай-ақ, «Қызыл Телпек», Әли-Баба, Алладин сынды ертегі кейіпкерлері тамаша көріністерімен жас жеткіншектерді ертегі әлеміне жетелеп, бір серпілтіп тастады. Мейірімділік шарасы ойын-сауыққа ұласып, би билеп, ән айтқан бүлдіршіндер мерекенің сәнін келтіріп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ойын барысында барынша белсенділік танытқан балалар сыйлықтармен марапатталды. Жиынға сондай-ақ, Тайынша ауданы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi басшысының орынбасары Б.М.Тәшетова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Н.В.Попова қатысып, көпшілікті күз мерекесімен құттықтады. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға партияның Тайынша аудандық филиалы және ардагерлер кеңесінің атынан естелік сыйлықтар тарту етілді.

Шынымен, мүмкіндіктері шектеулі жандарды көргенде әрбір адамның жүрегі елжірей түседі. Аз да болса көмек қолын созып, бауырымызға басқымыз келеді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» демекші, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіліне жылулық пен махаббат ұялататын осындай мерекелік іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

басқа жаңалықтар