Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

РУХАНИ КЕЛІСІМ - ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

РУХАНИ КЕЛІСІМ - ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

18 қазан – «Рухани келісім» күні мерекесі қарсаңында аудандық агробизнес колледжінде жиналыс болып өтті. Аталмыш жиынға Қызылжар облыстық орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммед Қутуб, аудандық мешіттің бас имамы З.А.Наржігітов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.С.Сабирова және колледж студенттері қатысты.

1992 жылы қазан айында Алматы қаласында «Бүкіл әлемдік Рухани келісім конгресінің» 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ші жұлдызын рухани келісім күні қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Содан бері бұл күн — Қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің біріне айналды. Бүгінде осы игі бастамаға еліміздің барлық аймақтарында қолдау көрсетіліп, түрлі іс – шаралар аталып өтілуде. 

Мерекелік іс-шараға орай Қызылжар облыстық орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммед Қутуб «Бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтардың бірі – дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтың, сабырлықтың, төзімділіктің барша жақсылық атаулының бастау жолы. Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Тәуелсіздігіміздің арқасында олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауыз біршілігін күшейтіп отыр, деді дін қызметкері. Имам жиналған жастарды өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс көрсетуге шақырып, сондай-ақ, әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмеуге кеңесін берді.

Бүгінде жаһандану заманында адами құндылығымызды бойымызда жоғалтпай ұстау біздің басты міндетіміз. Осы асыл адамгершілік принциптеріміздің арқасында бүгінде елімізде тыныштықпен ынтымақтастық орнауда. Сондықтан біз үшін бұл атаулы күннің маңызы зор. Жастарға атаулы күннің еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына қосатын үлесі мол – дейді, ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.С.Сабирова.

Жиын барысында келген қонақтар өз ой-пікірлерін ортаға салып, рухани келісім мен діни тұрақтылық мәселелері бойынша түрлі тақырыпта әңгімелер қозғады. Сондай-ақ, отырыста сөз алғандар қазіргі қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттардан аулақ болып, түрлі діни экстримистік топтардың арбауына түсіп,олардың жетегінде кетпеуге кеңес берді.

басқа жаңалықтар