Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ТЕМІРЖОЛ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

ТЕМІРЖОЛ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы 1926 жылы құрылған. 93 жылдық тарихы бар бұл ірі кәсіпорын содан бері республика тарихындағы айтулы оқиғаларды бірге өткеріп, халық мүддесі мен ел экономикасына сүбелі үлесін қосып келеді. Теміржол - жалпы ел экономикасының күре тамырына айналған. Солардың бірі - техникалық талапқа сай Тайынша темір жол стансасы.

Бүгінгі таңда 44 адам жұмыла еңбек етіп келеді. Темір жол бойында жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейтін - қиындығы мен қыр-сыры мол күрделі шаруа. Әйтсе де, теміржолшылар қыстың қарлы боранында, аязында да, жаздың аптап ыстығында да асқан төзімділікпен, шыдамдылықпен небір қиын-қыстау кезеңдерді бастарынан өткеріп келеді. Тайынша теміржол стансасының жол күтімі мен осы саладағы барлық жұмыстар соңғы екі жылда «өте жақсы» деп бағаланып отыр. Темір жол мамандарының айтуы бойынша, бұл жетістікке қол жеткізу басшылар мен бригадирлер үшін жұмыс сапасының негізгі техникалық көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Пойыз қозғалысының қауіпсіз болуы үшін жол жөндеуші мамандығы ең маңызды буынның бірі. Сондықтан да, оларға қойылатын талап та жоғары. Осындай үлкен ұжымды сапалы еңбек жолына бастап, оң нәтиже шығарып отырған « ҚТЖ – Жүк тасымалы» Акционерлік қоғамының «ЖТ Ақмола бөлімшесі» филиалы Тайынша стансасының бастығы Ержан Болатұлы бізге былай деді:

- Ұжым еңбеккерлері өздеріне жүктелген осынау жауапты да абыройлы іске бір кісідей жұмыла кірісіп, табыс биігінен көрінуде. Негізінен, біздің кәсіпорында нағыз өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Қаржы жағдайы темір жол саласында, оның ішінде бізде де түзелген. Уақытында айлық қаражат беріліп отырады. Темір жол саласының құрылымдары өте көп. Солармен бірге біздің Тайынша стансасының ұжымы да өсу, өркендеу үстінде деп сеніммен айта аламын, - дейді мекеме басшысы.

Сондай-ақ, Тайынша теміржол стансасы жыл көлемінде атаулы мерекелерге белсене қатысып, осы ұжым өнерпаздары өз концерттік бағдарламаларымен  көпшілік қошеметіне бөленіп келеді. Міне осы жағдайларды өскерсек, құрыш білек теміржолшыларды жан-жақты өнер иелері ретінде де атап өтуге болады. Осындай игілікті істерді ұйымдастырып, кәсіпорын ұжымын бір мақсатта жұмылдыруда кәсіпорынның бас маманы – Сания Құрмашқызы Жұмабаеваның еңбегі зор. Ол жоғарыда айтылған мерекелік және спорттық іс-шараларға ұйытқы болып қана қоймай, ардагер қарияларға қамқорлық көрсетуде де жанашырлығымен көрініп жүрген жан. Ол мамандығы бойынша инженер-технолог, көп жылдар кадр бөлімінде еңбек атқарды. Жоғарыдағы басшылар тарапынан осы еселі еңбегі ескерусіз қалмай, кәсіби мереке теміржолшы күніне және басқа да мереке күндерінде бірнеше марапаттарға ие болған осы білгір маман - Сания Құрмашқызы.

Күнделікті жұмыстан басқа кәсіби және басқа да халықтық мерекелерді атап өтуді бұл ұжым дәстүрге айналдырған. Соның дәлелі темір жол стансасы Тәуелсіздік күні мерекесін өте жоғары деңгейде өткізгенінің куәсі болдық. Мерекелік іс-шараға осы ұжымның барлық мамандары,жас теміржолшылар қатысты. Бұл Тәуелсіздік мерекесі осы еңбек саласында 16 жыл еңбек өтілі бар мекеме басшысы Рахимов Ержан Болатұлы үшін де ерекше күн болды. Мереке күні құрметіне орай, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ержан Болатұлы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы төрағасы С.Мыңбаев мырзаның атынан « ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасының атаулы сағатымен марапатталды. Бұл мекеме басшысының ерен еңбегінің бірден-бір дәлелі.

- Теміржолдағы жұмыс темірдей тәртіпті қажет етеді. Жұмыс оңай емес, асқан қырағылық пен тынымсыз еңбекті қажет ететін мамандық. Бұл менің қалаған мамандығым, сондықтан кездескен кедергілер болса,шыдамдылық танытуға тырыстым.Бұл орайда мен ақыл – кеңесін берген, бүгінде зейнет жасындағы ардагерлерге,қазіргі еңбек ардагерлеріне,теміржолшыларға, әріптестеріме алғысымды айтамын, өйткені қандай еңбек саласында болса да бір адамның ғана қолынан ештеңе келмейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», деген осы деп ойлаймын, дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ержан Болатұлы. Ардагерлерді ұмытпаймыз, қандай жағдайда да қажет болса көмегіміз дайын. Ал жастарға да ерекше көңілмен қарап, олардың әрқайсысына бекітілген жауапты мамандар бар. Ұжымда жалпы нағыз өз мамандығына асқан жауапкершілікпен қарайтын мамандар еңбек атқаратынын мақтанышпен айтқым келеді, - дейді мекеме басшысы.

Құрметті, теміржол қызметкерлері, еңбектеріңізде сәттілік тілейміз.

Жол,теміржол – шын мәнінде адам баласы үшін маңызы зор, өмірдің өзегі, тірліктің қайнар көзі десек, сол жолдарда еңбек атқарып жүрген азаматтардың  адал еңбегі одан да орасан зор екенін ұмытпайық.

Сонымен, темір жолдың ағымдағы күтімі мен жөндеуін және поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз міндетіне алып, осынау жауапты істі мінсіз әрі нәтижелі атқарып келе жатқан Тайынша темір жол стансасының  бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мұның өзі біріншіден, ұжым басшыларының, екіншіден жол жөндеушілердің ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Ендеше, темір жолдың бойындағы осы ауыз толтырып айтарлық жарқын істер одан әрі баянды болып, еліміздің темір жол саласындағы қауырт жұмыстарда озаттар қатарынан көрініп келе жатқан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» Акционерлік қоғамының «ЖТ Ақмола бөлімшесі» филиалы Тайынша стансасының мәртебесі бұдан да жоғарылай  берсін!

басқа жаңалықтар