Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

СҮТ ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

СҮТ ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Өз жұмысын 1970 жылдардан бастау алған «Тайынша сүті» зауыты бүгінгі күнге дейін қарқынды жұмыс істеп, дамып келе жатыр. Өндіріс орнының тыныс тіршілігімен жуырда газет тілшілері арнайы барып танысып, көріп қайтқан болатын.

2018 жылдың басынан бері өндіріс орнын Олжас Ерікұлы Сабазов мырза басқарып келе жатыр. О.Е.Сабазов 1998 жылы Алматы қаласының политехникалық университін тамамдап, жоғары білім алған. Жиырма жыл еңбек өтілі бар Олжас Ерікұлы соңғы он жыл бойы сүт өндірісі саласында аянбай еңбек етіп, табысты жұмыс жасап келеді. Қазіргі уақытта Тайынша қаласындағы «Тайынша сүті» өндірістік орнына басшы болып тағайындалып, соңғы бір жыл ішінде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 2309 тонна сүт жиылыпты. Одан 93 тн сарымай, 110 тн құрғатылған сүт, 3,5 тн қаймақ, 2 тн айран, 44 тн сүт және ірімшік пен сүзбе өндірілген.

- «Тайынша сүті» серіктестігі қазіргі уақытта тәулігіне 5 тонна өнім шығарып, аймақ халқының денін сүт және сүт өнімдерімен қамтып отыр. Сонымен қатар, зауыт өнімдері еліміздің әр аймақтарына тасымалданады. Олар Астана, Көкшетау, Петропавл, Қарағанды сондай-ақ, Мәскеу қаласына да экспортталады. Бүгінгі таңда зауыт сүт тағамдарының жеті түрін дайындап шығарады. Соның ішінде сүт, сарымай, айран, ірімшік, сүзбе, қаймақ пен құрғатылған сүт. Сонымен қатар, болашақта балмұздақ пен құрт тағамдарын өндіруді қолға алмақшымыз. Алдағы уақытта өндіріс орнына қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізгіміз келеді, шетелден біршама жоғарғы санатты заманауи технология сатып алып, барынша көп, сапалы өнім шығару жоспарымызда бар. Бір қынжылтатын жайт, өндіріс орнында жас мамандар жоқтың қасы. Қызметкерлердің басым бөлігі зейнетақы жасындағы адамдар. Қазіргі таңда зауытқа биотехнология, агрария мамандықтары бойынша оқу орнын тамамдаған жас мамандар өте қажет, - дейді Олжас мырза.

Күніне 5 тоннаға дейін сүт қабылдайтын мекемеде шамамен 50 шақты адам тұрақты жұмыс істейді. Барлық жұмысшы айлық жалақыларын уақытынан кешіктірмей алып тұрады екен. Сондай-ақ, қайырымдылық мақсатта өндірілген сүт өнімдерімен жергілікті мектептерде оқитын тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушыларды қамтамасыз етеді. Серіктестік ұжымының Еліміздің экономикасы өркендеуі жолындағы жемісті еңбегіне сәттілік тілейміз. Еңбектеріңіз де, өнімдеріңіз де жоғары бағалана берсін!

басқа жаңалықтар